Түсірілім алаңындағы бір күн

Өткен аптада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика мамандығының 3-курс студенттері ұстаз Алма Сайлауқызының бастамасымен, бір күндік кино түсірілім алаңында болып қайтты. Астананың биылғы жайлы, әрі әсем күзгі ауа-райы да әдемі табиғатымен жақсы кино түсіруге мүмкіндік беріп тұрғандай. Түсіріліп жатқан кино «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастар жайлы екен. Оның  қоюшы режиссері әрі сценаристі – «Әли», «Шатқал», «Тамыз», «Шабдалы» фильмдерін жарыққа шығарған Жандос Құсайынов. Ал, таспалаушы – «Astana Film academy» продакшны. Режиссер келген студенттерге сценарийдің қалай жазылатындығын, киноның түсірілу жүйесін және командалық жұмыстың қалай жүзеге асатындығын түсіндіріп берді. Ал шығармашылық ұжым аталған киноның бірнеше сахналық қойылымын түсіріп жатты. Сол орайда, студент жастар да өз білетіндерін ортаға салып, алған әсерлерімен бөлісті.

Әсемгүл Қалиллаева, студент:

Мен киноны дәл осындай үлкен команданың жұмысы арқылы түсірілетіндігін білмеппін. Бұл өте қиын іс екен. Біз тек экраннан ғана көре саламыз ғой. Ал, осында келіп өз көзіммен көргеннен соң, ойым түбегейлі өзгерді. Енді кино көріп отырған кезде әрбір деталіне аса мән беріп қарайтын боламын. Бізге осындай мүмкіндік туғызған ұстазымызға алғысымыз шексіз!

Нұрғали Байдулла, студент:

Өзім бірнеше рет телеарнаға шыққанмын. Бірақ, ол жерде осы алаңдағы сияқты үлкен ұжым болған жоқ. Біз тек «Жайдарманда» ойнадық, ал операторлар режиссердің нұсқауымен бізді түсіріп шықты. Мұндағы сияқты актерлердің бір қимылды қайта-қайта қайталауын, жарық дұрыс түсірілуін, дауыстың анық шығуын қадағалап отыру – режиссердің еңбегі арқылы жүзеге асырылады екен. Сәті түскенде тағы да бір рет түсірілім алаңына келемін.

Алма Сайлауқызы, аға оқытушы:

«Тележурналистің шығармашылық шеберханасы» атты пәннің бүгінгі студиялық сабағын режиссер жұмысымен танысуға арнайық дедік. Телеөнім –  журналист пен режиссердің біріккен жұмысының нәтижесі, ал студенттерім режиссураның қыр-сырымен танысуды қалап жүр екен. Сондықтан да оларды түсірілім алаңына алып келгім келді. Себебі, журналист болғысы келетін жастардың тек теориялық тұрғыда білім алуымен қоса, практикалық жұмыстың да қалай жүзеге асатындығын көруінің маңызы зор. Ал Жандос Құсайынов – үлкен киноға ұзақ жылдық телевизиялық тәжірибемен келген режиссер. Оның жастарға айтары да, көрсетері де мол. Келген студенттердің бәрі дән риза. Кейбірі тіпті режиссерлық жұмысқа қызығып қалды. Университет аудиториясынан шығып, нағыз өндірістің ортасында дәріс өткізуге мүмкіндік берген факультет басшылығына зор алғыс.

Кино – өнердің асқар шыңы. Суреттеп, жазып немесе айтып бере алмайтын әсерді кинодағы персонаж арқылы түсіндіріп беруге болады. Сол себепті де қазіргі уақытта кинемотография өнердің шарықтау шегінде тұр. Керек еткен адам оның ішінен өз жанрын тауып ала береді. Кино түсірілім күнінің соңында келген студенттер үлкен ұжыммен естелік суретке түсіп, өз ризашылықтарын білдірді. Студенттер үшін бұл бірнеше сағат естен кетпес естелікке толы күн парақтарының бірінде жазылып қалғаны сөзсіз.

К.Станиславскийдің «Театр – киім ілгіштен басталады» деген сөзіне «Кино – мықты ұжымнан басталады» деген сөзді кірістірсе болатындай. Ал бүгінгі студенттің, ертеңгі журналистің, сол үлкен ұжымның  сценарист, редактор, продюсер сынды «алтын қазықтарының» бірі болып қадалуы таяу болашақтың еншісінде дер едік.

 

Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ

Журналистика және саясаттану 

факультетінің 3-курс студенті