Абайдың 175 жылдығы: «Қарамола ережесі» жайлы

          Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Заң факультетінің деканы, профессор Жамаладен Ибрагимов 2020 жылдың 11 наурызындна «Хабар 24» телеарнасында Абайдың 175 жылдығы: «Қарамола ережесі» жайлы айтып берді.

           Хәкім Абай ақын, жазушылықтан бөлек, елдің саяси-құқықтық дамуына зор үлес қосты, деп хабарлайды «Хабар 24». Дәлелі «Қарамола ережесі». Шығыстағы Шар өзенінің бойында бес дуанның болыс билері қабылдаған осы ереже алғаш рет қазақ даласындағы құқықтық құжат ретінде баспа бетінде жарияланған. Ондағы негізгі ойлар бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. «Қарамола ережесі» 1885 жылдың мамырында сол кездегі Семей губерниясында, құжаттың аты айтып тұрғандай Қарамола дейтін жерінде қабылданған. Бес дуанның би-болыстары мен ақсақалдары және құрметті азаматтары бас қосқан жиынға 100-ден астам адам қатысқан. Абайтанушы ғалымдардың бір бөлігі осы жиында төбе би болып сайланған хәкім Абай ережені бастан аяқ өзі жазып шыққан деген болжам айтады. 

Заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимовтың пайымынша, қазір біз кез келген заңды жасардың алдында тұжырымдамасын жасап аламыз. Абай – меніңше, осы тұжырымдамасын жасаушы. Өйткені 100-ге тарта адам қол қояды. Әрқайсының қолдары бар. Сосын бұл ережеде шариғаттың да нормалары бар. Ал шариғат жүрген жерде міндетті түрде молдалар қазылар қатысады. «Қара мола» ережесінің қазақ тіліндегі нұсқасы 73 баптан тұрады. Онда ұрлық, төбелес, жер дауы, жесір дауы, әмеңгерлік, мұрагерлікке қатысты тартыстарды шешу, үкім шығару және сот жүргізу тәртібінің ерекшеліктері қарастырылған. Дала заңы мен қазақтың әдет ғұрыптарына қатысты талаптар бар. Сондай-ақ патша үкіметінің сот билігімен де ұштасып жатқаны байқалады. 

Ол кездегі билік бізде әкімшілік ресейлік империялық билік қой. Жасыратыны жоқ, Ресей империясының билігінің де нормаларын бұл жерге кіргізген. Сондықтан да ол жердегі нормалар қазақтың әдет ғұрып нормаларымен бірге Ресей империясының нормаларымен бірге біріктіріліп жасалған. Ең басты айтатын мәселе – Абайдың енгізген мәселесі. Ол тепе-теңдік мәселесі. Абай өз заманындағы даулы мәселелерді шешуде әділдік, шындық, ақиқат шешімдерін ұстанған. Ережені қабылдау кезінде де осы нормалардың сақталуына баса мән берілген. Сондықтан 1885 жылы қабылданған құжат бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған. 

 Сілтеме https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/379693-abajdy-175-zhyldy-y-aramola-erezhesi-turaly-ne-bilemiz